29
қазан
2022
"ZAMAN" дебат клубы "Латын әліпбиі-заман талабы"
"ZAMAN" дебат клубы "Латын әліпбиі-заман талабы"
Қазіргі таңда латын әліпбиіне көшу өзекті мәселе болып саналады. Ғалымдар,лингвистер, жалпы қауым арасында бұл мәселеге қатысты екі жақты пікір айтылып жүр. Осы орайда, 20-қазанда мектебіміздің «ZAMAN» дебат клубы «Латын әліпбиі-заман талабы» тақырыбында АПФ форматында ойын көрсетті. Ойын барысында үкімет болған «Жебе» фракциясы спикерлері де, оппозиция болған «Адал ұрпақ» фракциясының спикерлері де өз позицияларын жоғарғы деңгейде қорғап шықты. Осы тұста, бірінші болып, Жебе фракциясынан лидер Мухаметжан Алтын «Не үшін латын әліпбиіне көшуіміз керек? Саяси маңыздылығы жағынан айтқанда, кириллицамен сіңіп кірген отарлық санадан арылу үшін де оның саяси маңызы зор. Екіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса жаратылыс ғылымдары жағында да қолданыста дәлділігі мен ептілігін дүниежүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді. Қазақ мәдениеті дүниежүзінің әдебиетімен, мәдениетімен тезірек қауышу үшін латын әрпіне 10-15 жылдың ішінде біртіндеп көшуге болады. Әрі бұл әлем қазақтары латын әрпі арқылы ала-құлалықтан да арылар еді. Ортақ жазуымыз, ортақ ұлттық мәдениетімізді қалыптастырары анық. Латынға көшу жазу-сызуды өзгерту ғана емес. Бұл тілге реформа жасалады. Оның нәтижесі – білім - ғылым, әлеумет, саясат, яғни, мемлекеттің бар саласын қамтитын күрделі шаруа. Мысалы көрші жатқан Өзбекстан, Түркіменстан елдері КСРО ыдыраған соң XX ғасырдың аяғында сол латын әліпбиіне көшіп үлгерген. Олар қазір өзінің басымдығын сезініп отыр. Дамығандығын көрсетіп отыр. Біз де сол дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат қойып отырмыз. Сол мақсатымызға жетуге септігін тигізер еді. Септігін тигізіп қана қоймайды. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуде қазақтың ережеге бағынбайтын дыбыстық үндес әліпбилерін жаттауда жеңілдей түседі» деп ойын қорытындылады.
«Адал ұрпақ» фракциясының лидері Атығай Аянат:«Бірінші мәселе - мынау. Осы күнге дейін Республикамызда еліміздің ежелгі, кейінгі тарихына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына байланысты және ғылымымызды, әдебиетімізді, салт-санамызды әспеттейтін миллиондаған атпен кітаптар, ғылыми еңбектер басылды. Латын әліпбиіне көшкен жас бүлдіршіндеріміз кириллицада басылған баба тарихымыздан, рухани парасатымыздан қол үзіп қалатыны айдан анық. Латыншаға ауысқан Өзбекстан мен Әзірбайжан республикаларының қаншама ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері бізге осы мәселе төңірегінде өз өкініштерін білдіргені жадымызда.» - деп өз қарсылығын білдірді.
Нәтижесінде екі фракция да өз пікірлерін ортаға салып, келтірген аргументінің мықтылығы және дәлелдерінің нақтылығымен «Адал ұрпақ» фракциясы жеңіске жетті.
Дебат жетекшілері: Нұрқожа Н.,Тілеубердиева Г.
