Ел болашағы-білімді ұрпақ!
Ел болашағы-білімді ұрпақ!
(Ата-ана жиналысы)
Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – дүниеге әкелген перзентінің болашағын ойлап адам етіп тәрбиелеу. Өйткені,бала бір отбасының ғана емес,бүкіл қоғамның, мемлекеттің айнасы.
Әл Фараби бабамыздың «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» - деген нақылына жүгінсек, бүкіл ата - ана баласының тәрбиесіне бет бұрса нәтиже берері ақиқат.
«Ел болашағы-білімді ұрпақ!» тақырыбында,
Алматы қаласы, Алатау ауданындағы 205-ші Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарының арасында ата-аналар жиналысы өтті.
Жиынның мақсаты: өмірдің өтпелі қиын кезеңінде ұл - қыздарымыздың саналы тәрбие мен нақты білім алуларына бірлесіп күш салу. Анығырақ, балаға жауапкершілікпен қарап, оқыту мен адамгершілікке тәрбиелеуде отбасының басым рөлін мойындап, бірлесе, ынтымақтаса әрекет ету.
Күн тәртібінде қаралған басты мәселе, балалардың тәртібі мен тәрбиесі .Тәрбие үрдісіндегі «отбасымен жұмыс» деген тарау талқыланды. Баланың өз отбасындағы тәрбиесі мектеп қабырғасында жалғасады.Сондықтан,балаларды мектептегі барлық мүмкіндіктерді пайдаланып білім алу мен тәрбие жұмыстарына қатыстырып өзін-өзі басқаратын азамат болуына атсалысуымыз қажет делінді. «Ағашты қалай өсірсең, жемісін солай жейсің» дегендей әрбір баланың жан-жақты дамуына,тәрбиелі тәртіпті болуына ұстазбен санаса отырып, ата-ана жағдай жасау керек.
Жинында білім мәселесі де айтылды. Балалар жаңа білім ордасында, жаңа ұстаздардан білім алып жатыр. Адаптация кезінде бала ортаға үйренісе алмай, білімі деңгейі төмендейтін жағдайлар орын алады. Осындай сәтте ата-ана баланы демеп оқуына көмектесіп, біліміне күш салуы қажет. Ұстаз туралы баланың бойында жақсы пікір қалыптастыру да баланың жақсы білім алуына жол ашады.
Қоғамда кейбір ата-аналар баланың бойындағы кемшілігіне мектептегі мұғалімдерді кінәлап жатады. Сөйтіп, баласының ынтасын үйдегі тәрбие арқылы жойып отырғанын білмейді. Отбасында айтылған ұстаз туралы жақсы пікір балаға әсер етеді. Сонда ғана балалардың оқуға, білімге,мектепке құштарлығы артады. Ұстазды, кісіні сыйлауы өзгеше болады. Мектепке, мұғалімге көзқарасы өзгеріп,білімі жоғарлайды.Баланың түзу жолмен жүріп, саналы азамат болып өсуі әрбір ата-ананың қолында.
Ата-ана жиналысында балалардың қауіпсіздігі назардан тыс қалмады. Білім ордасы тек оқыту мен тәрбие ісімен айналысып қана қоймай ,әрбір баланың қауіпсіздігін қатаң бақылап отырады.
Қауіпсіздік шараларына байланысты балалар арасында күнделікті үгіт-насихаттар жүргізіліп,қажетті шаралар жүргізілеп отырғанын сынып жетекшілер тілге тиек етті. Мектеп заман талабына сай жасалғандықтан мәселе тез шешімін табады. Білім ошағына алып келуге тыйым салыған заттарды ата-ана мен ұстаздар қадағалап отырса қауіпсіздік сақталады.
Қорыта айтқанда, жас ұрпақтың буыны қатып, жайқалып өсуі ұстаз бен ата-ананың қолында ғана.Бірлесіп жұмыс жасағанда қоғамның айнасына айналады және еліміздің болашағы айқын болады.



